Жастар ұйымдары этносаралық әріптестікті дамытуға мүдделі

Версия для печатиPDF versionEPUB version

2015 жылғы 4 тамызда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне елорадалық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен «Нұр Отан» партиясы Алматы аудандық филиалы бастауыш партиясының ұйытқы болуымен Тәуелсіздік сарайында «Жастар ұйымдарының қызметі арқылы этносаралық әріптестікті қалыптастыру және оны жүзеге асыру: шетелдегі қазақ диаспорасының тәжірибесі. Қонақжай Қазақстан» атты тақырыпқа дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Маңызды жиынның модераторы болған «Нұр Отан» партиясы Алматы аудандық филиалының өкілі Айнұр Рахматалиева Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы және шетелде оқып жатқан қазақстандық жастардың патриотизм мен толеранттылықты қалыптастырудағы тәжірибесін кеңінен айтып берді.

«Біздің буын үшін бірлік әркез маңызды. Бізді біріктіретін де осы тылсым күш. Осындай ынтымағымыз жарасқан көпұлтты Қазақстан өз болашағына үлкен сеніммен қарайды және олар мәртебесі асқақтаған мемлекетімізді өркендету жолында еш аянып қалмайды. Бұл ретте өз ұлтының тарихи-мәдени мұраларын жас ұрпақтың бойына сіңіру аса маңызды. Осы арқылы мемлекеттік жоспарларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік жасалатыны шүбәсіз. Ол үшін тәуелсіз Қазақстан жастары сапалы білім алуға ұмтылуы және өздеріне жүктелген міндеттерді орындау жолында аянып қалмауы тиіс»,-деді сөз орайында А. Рахматалиева.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшысы Аделия Тухбатованың сөзінен мәлім болғанындай, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы күнделікті жұмыс барысында көпшілік тарапынан қолдау тапқан істерді сәтті атқарған. Бұл туралы БАҚ бетінде кеңінен ақпараттар да жарияланған. Осы істердің өз дәрежесінде атқарылуына қалалық Ассамблея қызметкерлері бір кісідей атсалысыпты. «Елордалық этномәдени бірлестіктердің ұйымшылдығы арқасында 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 16 қайырымдылық акциясы өткізілді. Осы акцияға 140 мың адам қатысып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдарға тоғыз миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді»,-деді А. Тухбатова. А. Тухбатова сөз орайында Ассамблея тарапынан жас ұрпаққа айрықша қамқорлық жасалғанын да жеткізді. Оларды еліміздің қоғамдық-саяси мәселесі мен әлеуметтік жобаларға тарту аса өзекті. Сондай-ақ, олардың сапалы білім алуына айрықша назар аудару қажет. Өйткені, жастар тәуелсіз еліміздің гүлденуіне, тұрақтылықтың сақталуына үлкендермен бірге үлес қосады. Баяндамашы осы айтылғандарға айқын басымдық беріп, жастарға үлкен үміт артатынын білдіріп өтті.

Күн тәртібінде қозғалған тақырыпқа байланысты Астана қалалық мәслихатының депутаты, «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының кеңес мүшесі Бахтияр Әшіров, Астана қаласы «Жарасым» республикалық жастар бірлестігінің төрағасы Азамат Сүндетов, ҚР «ҚазАльянс» ҚБ уәкілетті өкілі Арман Барменбаев және осы бірлестіктің белсенділері мен мүшелері, шетелдің жоғары оқу орнын бітірген студенттер мен магистранттар - Руслан Жексебайұлы (АҚШ), Аида Рамазанова (Франция), Марат Қасымов (Канада), Мәкен Әлібаев (Қытай), Гүлдана Сахиева, Әділхан Көпбаев (Оңтүстік Корея), Шалқар Тілеужанов, Айдар Айдымбеков (АҚШ) Еркеназ Әрінова (Ұлыбритания) Қаршыға Төлебаев пен Балнұр Есенкелдиева (Ресей) өзіндік ой-пікірлерін білдірді.

Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар жастар ұйымдары, ассоциациялар мен шетелдегі  қазақстандық студенттер одағының бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болу қажеттігін айта келе, осы арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын әрі жастарды патриотизмге тәрбиелеуге мүмкіндік жасалатынын мәлімдеді.

«Шетелде оқып жатқан жастардың басын біріктіру арқылы біз өз Отанымыздың кемел істерін ойдағыдай орындауға қол жеткіземіз. Осыған орай, әрбір жас тарихи Отанын қолдап, ел дамуына негіз қалайтын басты көпір - сапалы білім мен жаңа технологияларды меңгеруге баса мән беруі шарт», - деді А.Рахматалиева жиынға жиналған жастарды жігерлендіріп.

Жиынды қорытындылау сәтте сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы аудандық филиалының өкілі Дәурен Ұлықпанов студенттердің өзін-өзі басқару тәжірибесіне ризашылығын білдіріп, жастардың этносаралық келісімнің тұрақтылығын сақтауға айрықша үлес қосқанын атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының шетелдегі қазақстандық «ҚазАльянс» бірлестігі, «Жас Отан» жастар қанаты мен «Жарасым» республикалық жастар бірлестігі әріптестік меморандумын дайындауға қол жеткізді деп айтуға болады. Жалпы, дөңгелек үстел отырысына қатысушылар күн тәртібінде қозғалған ортақ тақырыпқа қатысты әріптестік орнатуға мүдделілік танытты.

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

тел: +7707-310-53-54

WhatsApp-8-777-310-53-56

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.