You are here

Су тасқынынан зардап шеккендерге

26.04.2017, 10:43   635

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Астана қаласы Қазахстан халқы Ассамблеясы және «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Ақмола облысы Астрахан ауданына гуманитарлық көмек жасады

Соңғы жылдары көгілдір көктем келіп, жылғалардан су ақса болды, қай өзен арнасынан тасиды, қай бөгет бұзылады екен деген үрей жұрттың берекесін қашыратындығы жасырын емес. Биылғы көктем де Ақмола облысын біраз әбігерге салып отыр. Аймақтағы Атбасар, Сандықтау, Астрахан аудандарындағы кейбір елді мекендерді су басып, тұрғындар қиын жағдайды бастан кешіруде. «Апат айтып келмейді» дегендей табиғаттың тосыннан келген жағдайына жұртшылық түсіністікпен қарап, сабырлық сақтағанымен, үйіне су кірген адамның көңілі жабырқаулы болатындығы түсінікті емес пе? Жалпы Астрахан ауданында 112 үй су астында қалған. 280 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның ішінде 89 бала бар. Осындай қиын жағдайға қалған ағайындарға «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы гуманитарлық көмек жасады.

- Қайырымдылық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей су тасқынынан зардап шеккендерге қамқорлық жасау, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу, әрбір адамның азаматтық парызы емес пе? Бүгін біздің қалалық нұротандықтар Ақмола облысына аттанып барады,-деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еділ Мамытбеков елордадан Ақмола облысына гуманитарлық жүк керуенін шығарып салып тұрып.

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының бұл гуманитарлық бастамасына елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері өз үлестерін қосты. Жалпы құны 8 миллион болатын тұрмысқа қажетті заттардың ішінде 70 адамды қамтитын 3 тонна киім-кешек, төсек-орындар, аяқ-киім және ұн, макарон, қант, күріш сияқты азық-түліктер бар. Осыншама гуманитарлық көмек жасауда «BIG Шанхай» базарының басшысы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Қайырлы Тәукеннің қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн .Ол базарда сауда жасайтын 5 мыңға жуық арендатор- саудагерлерге «Жақыныңа жәрдемдес» акциясы негізінде үндеу тастады. Соның негізінде базарда жұмыс істейтін 12 ұлттың өкілі су тасқынынан қиындық көрген халықтың жағдайына түсіністікпен қарап, өз көмектерін аямай заттай да, ақшалай да көмек берді.

Гуманитарлық жүк көлігі бірінші Астрахан ауданының Новый Колутон елді мекеніне келді. Мұнда 17 үйді су басқан екен. Жұртшылықтың көңілі жабырқаулы болғанымен, азық түлік тиелген жүк көлігін көрген халықтың көңілі көтеріліп сала берді. Селолық әкімі Табиғат Құрман бастаған ауыл тұрғындары шаруашылық кеңсесінің алдында күтіп тұр екен. Сол жерде халық алдында Астана қалалық мәслихатының депутаты Қайырлы Тәукен сөз сөйледі.

- Құрметті ағайындар, бауырлар, біз нұротандықтар, сіздердің қиын жағдайға қалғандарыңызды естіп, қол қусырып қарап отыра алмадық. Астанадан арнайы көмек қолын созуға келдік. Өмірдегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір — біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Сондықтан бүгінгі әкеліп отырған киім-кешек пен азық-түліктер елордадағы бауырларыңыздың жомарт жүректен шыққан ізгілік ниеті,- деді мәслихат депутаты Қ.Тәукен.

Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова да сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты шыдамдылыққа шақырып, өзінің жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін нұротандықтар Қызылжар елді мекеніне келді. Мұнда 800- ге жуық халық тұрады екен. 28 үй су астында қалыпты. Әйтеуір, адамдар аман. Қорадағы малдары да шығынсыз. Бұл жерде де арнайы «КамАЗ» көлігімен жеткізілген азық- түлік пен киім- кешектер жұртшылыққа түгелдей үлестіріліп берілді.

- Су үйге таң ата кірді. Отбасымызбен өре түрегеліп, далаға шықтық. Судың тасқыны көбейгенше құрғақ жерге шығып үлгердік. Күзетте жүрген төтенше жағдайлар қызметкерлері де көмекке келді. Күнделікті азық -түліктен тарылып отыр едік, мейірімділік пен жомарттық танытып, басымызға түскен қиын жағдайда ауылымызға арнайы келгенкеруенді ұйымдастырушыларға ризамыз, - дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Көзтай Төлеуов.

Қазақтың жақсы қасиеттерінің бірі - кеңпейілдік емес пе. Ал, жомарт болу - өзіңде барды әр адаммен шын жүректен бөлісу. Міне, осыны терең түсінген Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Астана қалалық «Нұр Отан» партиясының филиалы су тасқынынан уақытша қиындық көргендерге жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін танытып қайтты.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15