You are here

Мұса Жәлелді еске алу кеші

17.02.2016, 15:20   1660

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Ұлы Отан соғысындағы оқиғалар бізден алыстаған сайын, әлемді фашизмнен құтқарған халық ерлігінің маңызы да арта бермек. Әрі ақын, әрі батыр болып жаратылған татардың өр ақыны Мұса Жәлелдің ерлігі мәңгі-бақи тарих қойнауына кетті. Ақынның өлең жолдарын қайта-қайта оқып, оның өмірі мен шығармашылық жолын еске алатын болсақ, ақын үшін сөз бен істің бір жерден шығуы аса маңызды екенін аңғарамыз.

Ұлы ақынның туған күнінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қайым Насыри институты» орталығында Мұса Жәлелдің 110 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.

Кеште сөз алған Астана қаласы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафик Гарифович Валиев:  «Мұса Жәлел қиын заманда дүниеге келіп, өмір сүрсе де оның өмір жолы – абырой-намыстың, адалдықтың, табандылық пен отансүйшігтіктің біртұтас үлгісі іспеттес. Оның өлеңдері оқушыны бей-жай қалдырмасы анық, өйткені ақын жырлары отбасына, еліне, өмірге деген махаббатқа толы», - деді. Ол сондай-ақ: «Мұса Жәлел – сыршыл жан мен батыр жүректің ғажайып үйлесімінен туындаған алып тұлға, біздің Отанымыздың қаһарманы», - деп атап өтті.  

Еске алу кешіне жиналғандар: Қазақстан Республикасындағы Татарстан Республикасының өкілетті өкілі, «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ақсақалдары, жастар қанатының белсенділері, татар-башқұрт жексенбілік мектебінің оқушылары мен ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері өз өмірін фашизммен күреске арнаған  татар халқының қаһарманы – Мұса Жәлел өмірінің жарқын шақтары мен ауыр тағдырынан сыр шертті.

 Ақын әрі батыр тұлғаның ауыр тағдыры туралы Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Яннат Асхатқызы Низамутдинова баяндады: «Берлиннің «Моабит» абақтысында талайлардың өмірі қиылып, талайлар тағдыр тәлкегіне ұшырады. Бұл абақтыға жабылған жандар әркім өзінше беріспеудің амалын іздеді. Мұса Жәлел үшін ондай әдіс – өлең жазу болды. Алайда кеңес өкіметінің әскери тұтқындарына хат жазуға арналған ақ қағаздар берілмеді. Сөйтіп ол өлеңдерін абақтыда оқуға рұқсат етілген газеттердің бұрыш-бұрышына жаза бастады. Бұл жерде оған өзге елдердің тұтқындары қолдарынан келгенше көмектесті. Ақын жұқа парақтардан кішкене дәптерше тігіп, өлеңдерін соған жазды. Моабит абақтысында жазылған өлең дәптершелерін Мұса Жәлел өлім жазасына кесілмеген жолдастарына беріп жібереді. Соның нәтижесінде Мұса Жәлелдің 93 өлеңі жазылған екі дәптерше бір ақынның қолына тиеді. Ол өз кезегінде татар тіліндегі өлеңдерді орысшаға аудартып, «Моабит дәптері» деген жинаққа топтастырады».

Кеш барысында Мұса Жәлел шығармашылығына қызығушылар ақын шығармаларын мәнерлеп оқыды. Әсіресе жастардың орындауы қатты қуантты. Жексенбілік мектеп оқушылары мен татар тілін оқитын студенттер орындауындағы Мұса Жәлел шығармалары ерекше құлпырып, тыңдаушыны елітіп, елжіретті.

Ақынның «Айуандық» деген өлеңі оқылған кезде, фашистік басқыншылардың бейбіт тұрғындарға – аналарға, балалар мен қарттарға жасаған қатыгездігін әшкерелейтін фотосуреттер тізбегі көрсетілді. Бұдан соң «Дуслык» ансамблі Мұса Жәлел өлеңдерін татар тілінде әнге салып, шырқады.

Шығармашлық кеш аясында Мұса Жәлелдің татар және орыс тілдеріндегі кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Татар тілі курсының оқытушысы Венера Рафаилевна Закирова айтқандай: «Ақын өмірінің жалғасы – оның бізге қалдырған шығармаларында».

   

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. +7707-310-53-54

WhatsApp - 7707-310-53-54

E-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15