«Мен-қазақстандықпын!» атты жастар форумы өтті

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Бүгін, Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға негізделген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құрметіне орай «Мен - қазақстандықпын!» атты қалалық жастар форумын өткізді.

Форум мақсаты - ұлттың мәдени-генетикалық коды құндылығын сақтауға негізделген көпұлтты Қазақстан жастарын қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, қоғамдағы келісім мен бірлікті, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.

«Мен - қазақстандықпын!» атты форумды өткізудегі басты ұстаным - жастардың шығармашылығын дамыту және олардың іскерлік белсенділігін арттыру арқылы қазақстандық қоғамды рухани тұрғыдан жаңғырту.

Мерекелік іс-шарада спорт, мәдениет пен бизнесте айтарлықтай жетістікке жеткен жас мамандар жастарға шеберлік сабақтарын өткізу арқылы оларды өз істерінің білікті маманы болуға баулыды. Ол бойынша елорданың жас кәсіпкері, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы жастар қанатының төрағасы Фарангиз Ахметова нан өнімдерін дайындау тәжірибесімен бөлісіп, бизнесті құру қағидаттарын әңгімелеп берді. Сонымен бірге, «Anastasia TB» декораторлар мектебі мен дизайн студиясын құрушы, Астана қаласы «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Чаривни джерела» жастар қанатының жетекшісі Анастасия Тимощенко-Боровикова «Қолданбалы өнер» санаты негізінде «Жиһаздардың ішкі көрінісі және декоратор» атты шеберлік сабағын өткізді.

Қазақстан Республикасы конькишілерінің ұлттық федерациясының төрағасы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, бірнеше дүркін жүлдегер  Александр Панфилов елорда жастарымен болған кездесуде саламатты өмір салты мен өзінің спорттағы жетістіктерін әңгімелеп берді. Ол Астана қаласындағы жастардың спорт командасын республикалық және қалалық деңгейдегі сайыстарға дайындауға атсалысқан.

Жалпы іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, елорда этномәдени бірлестіктері мен олардың жастар қанатының өкілдері, сондай-ақ елордамыздағы жоғарғы оқу орындары мен колледждердің ұстаздары, студенттері қатысып, тағылымдық мәні бар кештен жылы әсер алды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры А.Ю. Тараков өз сөзінде жас ұрпақтардың барлық істерде алда болуы қажеттігін атап өтті: «Бір ел - бір тағдыр» қағидаттарына негізделген жасампаз қоғамда Ассамблея тұтастай ел мүддесіне сай қызмет жасап келеді. Жалпы біз ортақ істерге бірігіп, жұмыла атқаратын еңбексүйгіш халық ретінде алға баса беретін боламыз. Бір сөзбен айтқанда, «Барлығына тең мүмкіндік!» қағидатын ұстанып, елімізді өркендету жолында талмай еңбектенеміз»,-деді ол.

«Мен - қазақстандықпын!» атты қалалық жастар форумы - Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген міндеттерді іс жүзінде дәйектілікпен орындау мақсатында өткізілді.

Мерекелік кештің шырайын аша түскен «Жас ұлан» республикалық мектебі мен ҚР Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлерінің «Мен -қазақстандықпын!» атты флешмоб сипатындағы іс-шарасы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнан өзге, көрермендер назарына еліміз дизайнері Акбота Тоқтасынова ұлттық киімдердің тұпнұсқа топтамасын ұсынды. Іс-шара бағдарламасына сәйкес, белгілі әншілер әннен шашу шашты.

Аталған форум қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті одан әрі нығайту, Қазақстанда тұрып жатқан этностар мәдени мұраларының өзіндік ерекшеліктерін сақтау, этносаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жас ұрпақтарды рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу және олардың жаңа идеяларға негізделген шығармашылықтарын ынталандыру мақсатында өткізілді.

Дата события Ассамблеи: 
Сейсенбі, 28 Қараша, 2017

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.