Майра Мұхамедқызы: Музыка адамдарды нәсілге, ұлтқа, дінге бөліп-жармайды

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы 8-ші қыркүйекте «Астана Операның» Үлкен залында концерт берді. Жарқын музыкалық кеш Астананың 20-жылдығына орайластырылды және алтыншы театр маусымының ашылуымен тұспа-тұс келді.

Журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Майра Мұхамедқызы assembly.kz сайтының тілшісіне өзінің жеке өмірінен баяндайтын қызықты мағлұматтармен бөлісіп, музыка жайлы да біраз сыр шертті. Сұхбат барысында белгілі болғандай, жақын арада опера жұлдызы шығармашылығының 30-жылдығын атап өтпек. Ал биыл көршілес Қытай елінен Қазақстанға қоныс аударғанына 25 жыл толыпты.

Майра Мұхамедқызының Қытайда туып, өскенін бірі білсе, бірі біле бермес. Оның аталары өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында кеңес заманының зұлым саясатынан құтылмақ болып, шығыстағы көрші елге қоныс аударыпты. Ата-анасы (әкесі – Қытайда белгілі сазгер және қазақтың халық әндерін жинаушы, анасы – танымал әнші, Қытайдың халық әртісі) Майраны фортепианода ойнап, ән айтуға машықтану үшін жергілікті музыка мектебіне оқуға береді. Кезінде әкесі қызының әйгілі опера әншісі болып, тарихи еліне оралуын қатты армандаған көрінеді. Әкесінің сәуегейлік армандары араға көп жылдар өтіп орындалады. Майра Қазақстанға оралып, күн өткен сайын әлемнің түрлі әйгілі сахналарын бірінен соң бірін бағындыра береді.

Орталық Қытай халық университеті мен Пекин консерваториясындағы оқуларын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Майра 1994 жылы П.Чайковский атындағы байқауға қатысады. Өмірінің осы кезеңі ол үшін бетбұрысты болады. Дәл сол кезде Қазақстанға «қашып» кетеді. Алайда ол осы оқиғадан екі жыл өткеннен кейін Қазақстанның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытайдың төрағасы Цзин Цземинмен кездесуінен кейін ғана барып Қазақстанның азаматтығын алуға қол жеткізеді. Сәл уақыттан соң ол туған жеріне қалған отбасын толық көшіріп алады.

 Бір қызығы, Майра сол кезде тек қана қытай мен қазақ тілдерін жетік еңгерген, әлемнің классикалық опералары орындалатын итальян, француз, орыс тілдерінде бір де бір сөз білмеген.

1996 жылы Майра Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының солисі атанады, араға 20 жыл салып «Астана Операның» жетекші солисі болады. 1997 жылы Майра Мұхамедқызы Португалияда өткен опера әншілерінің халықаралық байқауында әлемнің 17 елінен келген 66 орындаушының арасынан озып шығып, Гран-При мен 10 000 АҚШ доллары көлеміндегі қомақты қаржылай жүлдеге ие болады. Осындай орасан зор жеңістен кейін Алматы қаласының әкімшілігі танымал бола бастаған әншіге екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсыруды ұйғарады.

 Алайда Майраның ардақты тілегі әлемге әйгілі опера әншісі болып, қайткенде де Мәскеудегі Чайковский атындағы халықаралық байқауда өнер көрсету еді.

Ежелгі арманы орындалады. 1998 жылы ол Қазақстанның атынан байқауға алғаш қатысқан лауреат атанып, 3-ші жүлделі орынды жеңіп алады.

Осыдай кейін Қазақстанда Майраның таланты мен шеберлігі біржолата мойындалып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы беріледі. Кейінірек бес бөлмелі пәтердің кілті табысталады.

Араға төрт жыл салып Майра Париждің атақты «Гранд Операсымен» екі жылға келісімшартқа отырады. Сөйтіп, ол жоғары құрметке ие болған алғашқы қазақ ретінде тарихта аты өшпес жұлдыз болып қалады. Дәл осы Парижде Майра Еуропа тыңдармандарына ыңғайлы болу үшін Майра Керей деген жаңа лақап ат алады. Сонымен осы кезде ол француз, итальян, орыс тілдерін біртіндеп, жарты жылдың ішінде меңгере бастайды.

Майра Мұхамедқызының шығармашылығында Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Мюзеттаның партиясы ерекше орын алады. Себебі дәл осы рольмен ол алғаш рет Париждың талғампаз жұртшылығының алдына шыққан болатын. Ол бұл рөлді №1-ші деп те атайды.

Майра Мұхамедқызы өзінің бұрынғы өмірін ерекше жылы сөзбен еске алады: «Мен 1,5 млрд халқы бар, 56 этнос мекендейтін Қытайда туып, сонда ұзақ уақытқа дейін көп ұлттардың арасында тату-тәтті ғұмыр кештім. Ал Қазақстанға келгенімде 18-ақ миллион халықтың арасында 130-дан астам этнос өкілдері ауызбірлікте өмір сүріп жатқанын естігенде, шынымды айтқанда, қатты таң қалдым.

Мен өз әндерімде халықтар достығын жырлаймын, насихаттаймын. Мемлекеттер өзара қанша шекара сызып, орнатып жатқанымен, сол елдерді мекендейтін халық қарым-қатынассыз өмір сүре алмайды. Оларға әруақыт тығыз мәдени байланыс қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында, ол елдердің басшыларының арасында байланыс нығая түспек. Осы тұста біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше. Оны бүкіл әлем сыйлайды, мойындайды. Біздің мемлекет әлемде алғашқылардың бірі болып Ассамблея құрды. Тек қана біздің Президент өзара қарсылас және жанжалдасушы тараптарды үлкен дөңгелек үстел басына отырғызып, бастарын қосты. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Әсіресе біздің тынышсыз уақытта мұндай қарекеттің жүгі ауыр. Бұл бүкіл әлемде тәртіпті орнату жолында жасалынып жатқан өте маңызды жетістік.

Мен жеке басым ешкімді нәсілге, ұлтқа, дінге бөліп-жармаймын. Музыка да солай. Музыканың тілі барлығына бірдей түсінікті, қолжетімді. Музыканың шекарасы жоқ, ол барлық адамзат үшін әмбебап тіл іспеттес. Ол тек қана біріктіреді, Сол себептен болар, мен өзімді төрткүл дүниенің азаматшасы сезінемін. Себебі менің тілім – менің әнімнің, музыкамның тілі - әлемдегі жеті миллиард тұрғынның әрқайсысына бірдей ортақ түсінікті», - деп өз сөзін қорытты біздің тілшіге берген сұхбатында атақты жерлесіміз

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

 

Дата события Ассамблеи: 
Дүйсенбі, 10 Қыркүйек, 2018

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.