Әлихан Бөкейханға арналған дөңгелек үстел

Версия для печатиPDF versionEPUB version

8 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның өмірі мен еңбек жолына арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

 Айта кету керек, аталмыш іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Украина Елшілігі жанындағы Украин ғылым және мәдениет орталығы, «Қазақстан украиндерінің радасы» республикалық бірлестігі және Астана қалалық «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресімен бірлесе отырып ұйымдастырған болатын.

Дөңгелек үстел жұмысына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ғалым-алаштанушы Дихан Қамзабекұлы, ҚР Украина Елшілігінің бірінші хатшысы Леонид Ясинский, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы, Астана қаласындағы «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Ширмер, «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-танымдық зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабылдинов, сондай-ақ Қазақстан алаштанушылары ғылыми-сарапшылық қауымдастығының өкілдері, ғалым, профессорлар қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – ұлт бостандығы жолында құрбан болған қазақ халқының біртуар ұлы Әлихан Бөкейханның өмірі мен еңбегіне зер салу арқылы, ғылыми мол мұрасын ұғыну.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ғалым-алаштанушы Дихан Қамзабекұлы алғысөзінде қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан тұлғасына қызығушылық танытқан Украина ғылым және мәдениет орталығына алғысын білдірді. Ол сондай-ақ осындай іс-шаралар  халықтарды жақындастыратынын атап өтті.

Қазақстан Республикасындағы Украина Елшілігінің бірінші хатшысы, ҚР УК жанындағы Украин ғылым және мәдениет орталығының жетекшісі Леонид Петрович Ясинский Әлихан Бөкейханды әлемдік тұлға деп санайды. «Әлихан Бөкейханды бүкіл әлем мойындады. Мерейтойлық датаға орай ЮНЕСКО шеңберінде оған лайықты көңіл бөлініп жатыр. Сол себепті, бұндай іс-шараларды бірлесе отырып ұйымдастырған жөн», - деді Л.Ясинский. Ол дөңгелек үстелге қатысушылардың еңбектері жемісті болуын тіледі және орталық ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Дөңгелек үстел барысында С.Аққұлұлының үш тілде жазылған «Әлихан Бөкейхан» кітабы көпшілікке таныстырылды. Сонымен қатар «Тарихшылардың ұлттық конгресі кітапханасы» сериясындағы Ә.Бөкейханның «Қазақтар» және К.Кемеңгердің «Қазақ тарихынан» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлының айтуыша, бүгінгі Қазақстанның негізін қалаған әрі Қазақстанның қазіргі шекарасын сызып көрсеткен бірден-бір адам ол – Әлихан Бөкейхан. Ол өз баяндамасында қазіргі Қазақстанның қалыптасу тарихына қысқаша шолу жасады. «Осыдан 99 жыл бұрын Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде кейіннен бүгінгі Қазақстанның іргетасына, негізіне айналған «Алаш» ұлттық-территориялық автономиясы жарияланған болатын. Сол уақытта 1924 жылға дейін Орталық Азия кеңістігінде басқа автономиялық құрылым болмаған еді», - деп атап өтті С.Аққұлұлы.

Еске сала кетейік, биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Өйткені Әлихан Бөкейханның ғылыми-публицистикалық мұрасының өзі Қазақстанның баға жетпес ұлттық зияткерлік мұрасы болып табылады. 

 

   

 

 

Астана қаласы әкімдігі жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.