«Көпконфессиялы Қазақстан тарихындағы дінаралық татулық пен өзара үйлесімдіктің өткеніне шолу» ғылыми семинары

Версия для печатиPDF versionEPUB version

2015 жылғы 2 желтоқсанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және Еуразиялық зерттеулер кафедраларының ұйымдастыруымен «Көпконфессиялы Қазақстан тарихындағы дінаралық татулық пен өзара үйлесімдіктің өткеніне шолу» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – этносаралық қарым-қатынастардың қазақстандық моделі шеңберінде Қазақстанның дін саласындағы және конфессияаралық татулық пен келісімді сақтаудағы саясаты туралы көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ студент жастар арасында патриоттық тәрбие мен жалпыұлттық ұқсастықты насихаттау.

Ғылыми семинар барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек, ҚР Парламентінің депутаты Зухра Саяпова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Садуақасова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Мүмінов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов сөз сөйледі. 

 

«Мемлекет басшысымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланған 2015 жыл – еш күмәнсіз қазақстандық қоғамның рухани өрістеуінің тағы бір уақытша сатысына айналды. Әрбір мемлекет алдында тұрған басты міндет – халықты біріктіруші жолдарды тауып, оны нығайту. Қазақстан халқы Ассамблеясы – жас мемлекеттің, тәуелсіз Қазақстанның «рухани бекіткішіне» айналған дәл сол біріктіруші құрал», - деді өз сөзінде А.Башмаков.

Қазақстандық қоғамның тұрақты дамуы мен гүлденуінің тұғыры іспеттес конфессияаралық келісім жайында Ғабит Абзалбек сөз қозғады. «Халықаралық саясаттағы, сондай-ақ заманауи діни бағыттардағы жағдайлардан құралатын шынайы картинадан көретініміз, әлемдегі діни ахуал шиеленісті, күрделі әрі тұрақсыз жағдайда, - дей келе, Ғ.Абзалбек мәселені шешу жолдарына тоқталды - ...Этномәдени бірлестіктер мен дәстүрлі дін өкілдері, ардагерлік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері құрамына кіретін ақпараттық-түсіндірме тобы еліміз бойынша 2015 жыл ішінде 9000-нан астам әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізді. Бұған қоса біз жастар арасында белсенді түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені жастар халық арасындағы радикалды идеологияның әсеріне тез берілгіш, әлсіз болып саналады».

Мемлекеттік тілді ел бірлігін нығайушы, адамдарды бір-біріне жақындастырушы құрал деп білетін Зухра Саяпова, белгілі жазушы Ш.Айтматовтың сөзінен үзінді келтірді: «Өз тіліңді білу – байлық, ал өзгенің тілін туғаныңдай қылу – байлығыңды екі еселеу». «Азаматтық қоғамның дамуы әрқайсымыздың рухани кемелденуімізге байланысты деп есептеймін».

Өз кезегінде Айгүл Садуақасова көпэтносты, көпконфессиялы қоғамдағы бірлік пен келісім мәселесіне тоқталды. «Кез келген мемлекет тұрақтылығының замануи факторы саналатын азаматтық бүгінгі таңда біздің негізгі ұғымымызға жатады. Енді біз азаматтық туралы сөз қозғағанда, ең алдымен паториттық туралы айтамыз. Ағымдағы жылы жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 90% өзін патриот деп санайды. Бұл жақсы көрсеткіш», - деді А.Садуақасова.

«Қазақстандағы дінаралық қатынастардың бүгінгі ахуалы мен болашағы» тақырыбында баяндама жасаған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Мүмінов өз сөзінде: «Әлемдегі діни дәстүрлердің барлығы дерлік белгілі мөлшерде біздің әлеуметтік-мәдени кеңістігімізде болғандықтан және елімізге идеологиялық, саяси әсерін тигізетіндіктен Қазақстан бүгінгі таңда ерекше геосаяси қысым аймағында тұр», - деді.

 

Бұдан соң Ғаділбек Шалахметов түрлі этнос өкілдері арасындағы мәдени алмасудың маңызы жөнінде, соның ішінде өзара толерантты қарым-қатынас туралы ойымен бөлісті. Ғ.Шалахметов: «Сіздер біліммен толыға түссеңіздер, сәйкесінше сіздер екі есе баи аласыздар. Егер сіз өзге біреуді түсінсеңіз, оның дағдылары мен әдет-дәстүрін қабылдай алсаңыз, ол сіздің рухани дамыған, бай адам екеніңізді көрсетеді», - деп аудиторияға ой салды.

Семинарға қатысқан елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының басшылары, орынбасарлары мен жетекшілері, ғалымдар, қоғам белсенділері мен студент жастар конфессияаралық татулықты қамтамасыз етудегі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев негізін салған бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделіне ерекше тоқталды. Және оны іске асырудағы, дін, отандық этносаясат төңірегіндегі өзекті мәселелерді шешудегі, жаһандану заманындағы мәдениеттер, діндер мен этникалық әртүрлілік мәселесі бойынша халықаралық әрекеттесудегі Қазақстанның тәжірибесін талқылады.

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

тел: +7707-310-53-54

WhatsApp-8-777-310-53-56

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.