Қоғамдық келісім кеңесінің мәжілісі

Версия для печатиPDF versionEPUB version

25 қыркүйек күні Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы «Мәңгілік ел - Қазақстаннның жалпыұлттық идеясы» тақырыбына «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ-да Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысын өткізді.

Іс-шараға «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, Астана қаласы ҚХА хатшылығы мен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері қатысты.

Кеңес төрағайымы, Астана қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Л.С.Құсаинова астаналық этномәдени бірлестіктер қызметтерінің негізгі бағыттарын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасу тарихын қысқаша баяндап берді. Сонымен қатар, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттары мен міндеттеріне жету жолында қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің нығаюы, азаматтық қоғам институттарының, саяси және үкіметтік емес ұйымдардың, өзге де бірлестіктердің бірігуі негізгі мақсаты болып саналатын Қоғамдық келісім кеңестерінің құрылуы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты бағыттарының бірі екеніне тоқталып өтті.

«Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ бас директоры З.Р. Шибкеновтың айтуынша бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс астаналық кәсіпорынды да айналып өтпеген. Алайда, зауыт басшылығы осы күрделі жағдайдан шығудың барлық жолын қарастыруда. «Біздің кәсіпорында 42 этностың өкілі жұмыс істеуде. Компанияның барлық қызметкерлерінің рухани бірлігі, жұмылуы арқасында ғана біз бұрынғы қарқынымызға орала аламыз»,-деді ол.

«Мәңгілік ел» патриоттық актісін ілгері бастырудағы жастардың әлеуеті жөнінде «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ Нұр Отан (Жас Отан) партиясының бастауыш жастар ұйымының төрағасы Кирпичев Ю.А. айтып өтті. Оның айтуынша зауыт ұжымының 40%-ы жастар және басшылық тарапынан олардың кәсіби өсулеріне барлық жағдай жасалған. «Мен өзім қызметімді станокта тұрып бастадым. Біртіндеп тәжірибе жинау арқылы осы саланың барлық қыр-сырын үйреніп барып, бөлім бастығына дейін көтерілдім»,- деп атап өтті Юрий Александрович.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультеті саясаттану кафедрасының доценті, саяси ғылымдардың кандидаты Г.О.Имақованың қазақстандық патриоттарды тәрбиелеуге қатысты айтқаны да тартымды болды. «Қазақтар мен Қазақстан аумағында тұрып жатқан этностардың тарихи санасының үлгісінде қазақстандықтардың ұлттық мәдениетке, тілге, тарихқа, салт-дәстүрлерге деген қызығушылығын арттыра отырып тәрбиелеу арқылы ұлттық идеологияны насихаттауды белсенді жүргізу керек. Мұндай идеология Қазақстанның саяси тәуелсіздігін нығайтуға, қазақстандық этносаяси және этномәдени қауымдастықтарды біріктіруге, халықтың өнегелі, салауатты, экологиялық таза өмір сүруіне мүмкіндік береді»,-деді Г.О.Имақова.

Кеңес әсіре ұлтшылдық, өзгелерге астамшылықпен қарау көріністерінің алдын алу мақсатында жастармен тәрбиелік жұмыстарын жүргізуді одан әрі жалғастыру; толеранттылықты насихаттау, ЭМБ шығармашылық ұжымдарын біріккен мерекелік іс-шараларға шақыру арқылы олардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсету; кәсіпорын ұжымы жұмыста Ассамблея, ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің әлеуетін белсенді пайдалану жөнінде шешім қабылдады.

___________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі:

тел. +7707-310-53-54

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.