Қазақстан халқы достығының қалалық XVII фестивалі

Версия для печатиPDF versionEPUB version

23 сәуірде Астанада Қазақстан халқы достығының қалалық XVII фестиваліне арналған салтанатты гала-концерт өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған (22-23 сәуір) фестиваль барысында қаламыздағы 21 этномәдени бірлестіктің шығармашылық өкілдері «Жастар» театры сахнасында өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің қощеметіне бөленді.

 

Бірінші күн.

Фестивальдің ашылуында әрбір этностың ою-өрнегі үлгісімен тігілген ұлттық костюмдер көрсетілді. Басты мақсат - әрбір этностың өзіндік ерекшелігін айқындайтын сан алуан ұлттық дәстүрдегі бірегей костюмдерге жұртшылық назарын аудару.

Фестивальде бірінші болып сахнада өнер көрсеткен «Радима» белорус мәдени орталығы көрермендерді ұлттық биімен, сондай-ақ жас өренді әдет-ғұрып бойынша әскерге шығарып салу көрінісімен тәнті етті.

ҚР «Барбанг» күрдтер ассоциациясы» РҚБ Астана қалалық филиалының жастар өкілдері күрдтердің үйлену тойының әдет-ғұрпы ерекшелігін көрсетті. Күрдтер үйлену тойының салты  бойынша, қалыңдықты көмекші әйелдер (бэрбу) киіндіреді және олар әрі үйлену тойына арналған мұңды әуен- «Ерали магмуд» әнін айтады.

  «Ватра» украин мәдени орталығының «Червона калына» фольклорлық  ансамблі украин халқының «Зелене жито, зелене» әнін нақышына келтіре шырқап, украин халқының музыкалық ерекшелігін айқындап берді.

 Татарлардың үйлену тойының әдет-ғұрпы бойынша, күйеу жігіттің анасы жастарды ізгі ілтипатпен қарсы алу барысында қалыңдықтың аяғының астына жастық төсейді. Ежелгі дәстүрге сәйкес, бұл жас келіннің жұмсақ мінезді және жайдары болуын қалағандық нышанын білдіреді. Татарлардың осындай ұлттық бірегей үйлену тойының салтын «Таң» татар-башқұрт» мәдени орталығының шығармашылық ұжымы көрсетті

Славян халқының ең қуанышты және жарқын мерекелерінің қатарына жатқызылған - кең көлемде атап өтілетін масленица мерекесі мен көңілді үйлену салты. Бұл тамаша көріністерді елорданың орыс қауымдастығының шығармашылық өкілдері көпшілік алдында әсем орындады.

 Сахна төрін «Парвиз» тәжік мәдени орталығы шығыстың әсем салтымен баурап алды. Олар үйлену салтының көрінісін шебер орындады.

Поляк биі бүкіл әлемге танымал. «Поляктар» қоғамдық бірлестігі жастары орындауындағы жылдам да әрі әсем би көрермендерді тәнті етті.

Фестивальдің бірінші күнін қорытындылау сәтінде, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымы би, салт-дәстүрді және вокальды нөмерлерді орындаудан көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

 

Екінші күн

Қазақстан халқы достығы фестивалінің екінші күнін «Белорус» мәдени орталығы қазақтың ұлттық биімен ашты. Сондай-ақ, Юлия Амированың тәрбиеленушілері белорустың ұлттық биін әсем орындады.

Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының шығармашылық ұжымы үйлену тойының «Сәлем салу» салтын шебер көрсете білді. Сонымен бірге, аспаптарды жоғары деңгейде меңгергендігі нәтижесінде би мен вокальдық нөмерлерді керемет орындады.

 «Злата» болгар мәдени орталығы көрермендер назарына ерекше қойылымдағы әзіл нөмерін ұсынды.

Көрермендерге Ольга Сафиулова тәрбиеленушілері ретінде таныстырылған «Ван» армян мәдени орталығының жас бишілері армянның ұлттық биін әдемі орындады. Атап өтерлік жай сол, армян биін орындауда бишілердің қимыл қозғалысы мәтін мазмұнымен үйлесім тапты.

Фестиваль барысында күй-тартыс көпшілікке ерекше әсер етті деп ойлаймыз. «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің талантты жастарынан құралған бозбала мен қыздар домбыра тарту шеберлігі бойынша сынға түсті.

«Хазар» қоғамдық бірлестігінің шығармашылық ұжымы залдағы көрермендерді көңіл елжірететін балапан биімен қуанышқа бөледі.

 «Алеф» еврей мәдени-ағарту,  қоғамдық-саяси қоғамының жас бишілер тобы қазақтың және еврейдің ұлттық киімінде өз өнерлерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Немістердің салт-дәстүрі бойынша, күйеу баланың әкесі немесе оның туыстары мен жақын достарының бірі  қалыңдыққа құда түсіп барады. Бірақ, баратын адам құрме адам болуы керек және ол айрықша  шешен тілді, әзілді жөнімен айта білуі тиіс. Неміс үйлену тойының ерекшелігін әңгімелеген және оны көрсеткен «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің шығарашылық ұжымы.

 «Оберег» украин қоғамы би тобының орындауындағы көрсетілім де өте тартымды болды. Олардың құрамындағы жігіттер мен қыз-келіншектердің билеу мәнерінен ерекше бір күш-қуат аласыз.

Республикалық «Лад» славян қозғалысы филиалының шығармашылық ұжымы өздерінің әзіл-оспақ «Бабий бунт» нөмерімен көрермендер көңіл-күйін көтерді. Соның ішінде әйелдер қауымына жылы әсер қалдырды.

Салтанатты кеш басталғаннан бастап Астана қаласы корей этномәдени бірлестігі би ансамблінің мүшелері көрермендер назарын өзіне аудара білді.

Байқау бағдарламасының жабылуы сәтінде «Дала казактары одағы» РҚБ Алматы аудандық филиалының шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.

Осы күнгі кеште елордамыздағы этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының және жеке орындаушылардың ұйымдастыруымен гала-концерт өткізілді. Сонымен бірге, бағдарлама шеңбері барысында фестивальдің нөмерлері бойынша белгіленген 6 әртүрлі жанрға сәйкес, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен жетекшілерін марапаттау рәсімі болып өтті. 6 атау бойынша Қазақстан халқы достығы қалалық фестивалінің жеңімпаздарын жариялау барысында көпшілік ерекше толқыды.

Сонымен, вокальды тобының атауы бойынша «Станичники» хоры жеңімпаз (республикалық «Лад» славян қозғалысының филиалы) атанды. Вокальды жеке орындау атауының жеңімпазына («Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы) Әсел Оразбаеваны лайық деп таныды. Аспаптық орындау атауы бойынша «Қырғызстан-Астана» ҚБ шығармашылық ұжымы жеңімпаз болып табылды. Кіші хореография тобы жеңімпазы атауын «Оберег» жөсөспірімдер би тобы және аға хореография тобының жеңімпазы атауын «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің би ұжымы иеленді.

Көркем шығармалар, графикалар мен қолданбалы өнерге арналған көрме атауының жеңімпазына «Оберег» украин қоғамы лайық болды. Музыкалық-хореографиялық әдет-ғұрып композициясының жеңімпазы атауын «Возрождение» неміс қоғамы  жеңіп алды.

   

 

Астана қаласы әкімдігі жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.