Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ҮНДЕУІ

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қымбатты отандастар!

Бүгін барша прогрессивті адамзат Семей ядролық полигонының  жабылғанына  25 жыл толғанын атап өтуде.

Семей полигонының трагедиясы  -  халқымыздың  ортақ  қасіреті.

Ұзақ уақыт бойы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен ұрпақтардың  тақсіреті  әр ананың жүрегін  жаралайды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  бастамасымен әлемде тұңғыш рет ядролық сынақ полигоны жабылып, Қазақстан халықаралық саясатта сенімнің жаңа моральдық үлгісін қалады.

Осы шаралардың нәтижесінде, БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық  сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдады.

25 жыл бейбітшілік пен келісім саясатын ұстану, жаһандық қауіпсіздікті нығайту бағытында маңызды шешімдер қабылдау нәтижесінде Қазақстан тұрақтылық пен татулықтың құтты мекеніне айналды және біздің Президентімізге әлем­дік деңгейдегі мәмілегер саясаткер деген жоғары баға берілді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі -  жер бетінде қауіпсіздік пен бейбітшілік орнату жолындағы жарқын қадам. 

Ол әлемнің болашағы үшін шынайы алаңдаушылықтан туындаған және ғаламшардың барша азаматтарын жоғары парасаттылық  пен жауапкершілікке үндейді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жылы Қазақстанның алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы - еліміздің жаһандық проблемаларды шешуге қосқан үлесінің маңызды тарихи жетістігі.

Қазақстанның бастамалары әлемде бейбітшілік орнатуға, жаппай қырып-жоятын ядролық және басқа да қару-жарақ түрлерінен толықтай бас тартуға бағытталған.  

Бүгін, Астана қаласында, «Ядролық қарусыз әлем құру» атты Халықаралық конференция өтіп жатыр. Онда Қазақстанның жаңа бастамалары, біздің Елбасының жер шарында бейбітшілікті сақтау туралы  тың  ойлары талқылануда.

Ана жүрегі Елбасының іргелі ойларының жер бетінде мәңгілік бейбітшілік орнатуға үлес қосатынына  сенеді!

Мемлекет басшысының «Әлем. XXI ғасыр» манифесін қолдау және ілгерілету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен татулықты білдіретін «Ақ орамал» республикалық акциясын  өткізуде.

5 тамыздан бастау алған акция аясында осы күнге дейін жарты миллион аналардың қатысуымен 1139 елді мекенде бір жарым мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды.

Біз, аналар Қазақстанның  біртұтас халқын, Президентіміздің «Адамзатты соғыс қаупінен құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек», деген бастамасын қолдауға шақырамыз.

Біз, аналар балаларымызды бейбітшілік сүйгіш  етіп тәрбиелеуде  өзіміздің зор жауапкершілігімізді түсінеміз.

Біз тәуелсіздіктің барлық жылдарында бейбітшілік пен келісім мұраттарын қорғаған елде өмір сүретінімізді мақтан тұтамыз.

Қазақстан Аналары Жер шарының қауіпсіздігін сақтау үшін адамзатты бейбіт келісімге, парасаттылыққа, бітімгершілікке келуге шақырады!

 Біз Сіздерді жоғары сана мен парасаттылыққа шақырамыз!

Біздің балаларымыз соғыстың не екенін білмеуі тиіс!

Біз қасиетті мекенімізде, жер бетінде бейбітшілік болуын тілейміз! 

Біздің ортақ мақсатымыз - Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.

Біз Елбасының  еліміздегі бейбітшілік, отбасындағы береке-бірлік пен балаларымыздың жарқын болашағы  үшін жүргізіп отырған  ізгі  және дана саясатын қолдаймыз!

Астана, 2016 жылғы 29 тамыз,

Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.