You are here

Халықаралық әйелдер күніне арналған қайырымдылық акциясы

11.03.2016, 18:33   1682

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астана қаласы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету бойынша қайырымдылық акциясын өткізді.

Астана қаласы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Аскер Пириевтің айтуынша, бұл акция - зағип әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтайтын игі дәстүрге айналған. «Мейрам қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлу керек деп есептейміз. Біз бүгін оларға өзін үлкен сахнаның әртісі сезініп, Хан Шатырдың ашық алаңында өнер көрсетуіне барынша күш салдық. Олар көзі көрмесе де, көрермен қошеметін естиді, жылуын сезінеді. Бұл жерде біз жүректерді табыстырып, «бәріміз де бір үлкен отбасымыз» деп айтқымыз келеді.

Осы іс-шараны ұйымдастыру барысында мен біздің қоғамның мықты екеніне, әлеуметтік жауапкершілік сезімінің күшті екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Іс-шара бойынша кімге жолықсам да, кімдерге хабар берілсе де, бәрі акциямызға қуана қосылып жатты. Осындай идея үшін, көпшілік армандарының орындалып жатқаны үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыс айтқым келеді. Үлкен ел – үлкен отбасымыздың татулығы, амандығы, бірлігі мен жасампаздығы үшін осындай іс-шаралар жалғаса беретініне сенімдімін!» - дейді Аскер Аллавердиевич.

Өз кезегінде «Қазақ зағиптар қоғамының» Астанадағы филиалының төрағасы Қуанышбек Тәтетов: «Жыл сайын әйелдер мейрамы қарсаңында біздің қоғамдағы нәзік жандарға көңіл бөліп тұратыны үшін Аскер Пириев басшылық ететін Астана қаласы Түрік этномәдени орталығына алғыс айтқым келеді, - деп іс-шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіре келе - Қазақ зағиптар қоғамының Астана қаласындағы филиалында 450 зағип мүгедек бар, оның 220-сы әйелдер. Біздің қоғам мүшелері шеттерінен өнерлі, оған сіздер бүгін көз жеткіздіңіздер. Біздің ұжым еліміздің әлеуметтік өміріне белсенді араласып отырады. Мысалы, 1 наурыз – Алғыс айту күнінде біз Қарттар үйінде концерттік бағдарлама қойдық. Алда келе жатқан Наурызда концерт қою жоспарланып отыр», - деп атап өтті.

Акция барысында ұйымдастырушылар Астана қаласы «Қазақстан зағиптар қоғамының» әйелдер қауымына сый-сияпаттарын жасаса, қоғам мүшелері елорда тұрғындары мен қонақтарына Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт қойды. Кешті белгілі тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман жүргізді. «Хан Шатыр» СОО сахнасында хордың орындауында «Қызылқұмда ауылым» халық әні шырқалды. Одан соң Азамат Темірбаев өзінің «Айналайын» атты авторлық әнін орындады, ал Қуанышбек Тәтенов Нұрғиса Тілендиевтің «Балапандар» шығармасын сазсырнайда ойнады. Сондай-ақ, концертте қазақстандық эстарада жұлдызы Алтынай Жорабаева ән шырқап, қала тұрғындарын қуанышқа бөледі. Акцияға танымал отандық тележүргізуші әрі журналист Мейіржан Әлібекұлы, Сандуғаш Сұлтан және Оксана Лоскутовалар атсалысты.

Бұл  акцияның 5 жыл қатарынан тұрақты түрде өткізіліп отырғанын айта кету керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын іске асыруға бағытталған биылғы акцияның қоғамдық келісімді қалыптастыру және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы әлеуметтік ролі зор.

   

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

 «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-57 / +7707-310-53-54/

WhatsApp - 7707-310-53-54

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15