Елордалық ҚХА-ның «Ашық есік» күні

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстан - көптеген этнос өкілдері үшін өз Отанына айналған ел. Бүгінгі таңда олар бір шаңырақ астында өмір сүріп, еңбек етуде. Бір шаңырақ астында бала тәрбиелеп, өз мәдениетінің рухани дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді.

Олар бір шаңырақ астында өз әндерін айтып, би билеп, ана тілі мен төл мәдениетін оқып-зерттейді. Олар кез-келген адам шыққан тегіне қарамастан ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барлық жағдай жасалған өз елі мен жерін мақтан тұтады.

Бұл жерде түрлі этнос өкілдері өмір сүріп, мерекені бір отбасыдай атап өтеді.

Міне, 2016 жылғы 4 наурызда «Astana Mall» СОО-да өткен елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ашық есік күнінде бір шаңырақ астында түрлі мәдениеттер өкілдері жиналып, қала тұрғындарын тағы бір мәрте мейірімділік, достық пен сүйіспеншілік мерекесі – Алғыс айту күнімен құттықтауы осының айғағы.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова: «Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған Ашық есік күніне қаламыздағы түрлі этнос өкілдері жиналды. Олар өзара татулық, бірлік пен достықты, ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының дами беруіне, тәуелсіз және азат ел болып қала беруіне деген құлшыныстарын тағы бір мәрте көрсетіп отыр», - деп атап өтті.

Сауда ойын-сауық орталығында жиналған 1500-ден астам көрерменнен бөлек, атаулы шараға ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, Астана қаласы ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық тобы, аналар кеңесі мен қоғамдық келісім кеңестері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының мәдени мұрасын сақтап, дәріптеу, жас ұрпақты халық мәдениетіндегі сан түрлі салт-дәстүрлермен, халық шығармашылығының мол мұрасымен таныстыру, Қазақстан Республикасы этностарының шығармашылық дамуына жағдай жасау, дарынды орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарды анықтап, оларға қолдау көрсету.

Ашық есік күнінде елордалық этномәдени орталықтар өкілдері өз жетістіктерімен бөлісіп, келушілерді бірлестік жұмысымен таныстырды, ұлттық мейрамдарды мерекелеуді ұйымдастыру бойынша өзіндік тәжірибелерімен алмасты. Сондай-ақ, қолданбалы өнер, ұлттық аспаптарда ойнау және ұлттық билерді орындау бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, өз өнерлерін ортаға салды.

Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұндай іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені бұл жерде олар бір-бірінің мәдениетін жете ұғынуға, өзге этностардың салт-дәстүрімен танысу арқылы ой-өрісін кеңейтуге және осының бәрін өскелең ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік алады.

«Халықтың салт-дәстүрі – сонау ғасырлардан жеткен, ата-бабаларымыздың баға жетпес тәжірибесі. Оны ұстану жынысына, жасына және әлеуметтік табына қарамастан, әр адамның борышы болып саналады. Өткенге құрметпен қарау арқылы ғана, адам қазіргіге сенімді болып, болашаққа нық қадам баса алады. Қазақстан бізге осы мүмкіндікті беріп отыр. Біз оны бағалауымыз қажет. Бізде бар – достық, бейбітшілік пен келісімді – құнттауымыз керек», - дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Героев Салман Сайдарович.

 Мерекелік концерттің әні кешке дейін үзілмеді. Көрермендер шығармашылық ұжымдарға қосылып, ұлттық билерді үйреніп, естелік суретке түсті. Іс-шара өз мәресіне жеткенімен, мерекелік көңіл-күй әлі көпке дейін қатысушылар мен көрерменнің есінде қалмақ.

   

   

   

   

 

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-57 / +7707-310-53-54/

WhatsApp - 7707-310-53-54

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.