Болгарлардың «Мартеница» мерекесі аталып өтті

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстан халқымен бірге наурыз айының кезекті күндерінде аталып өтіп жатқан мерекелер санатының қатарына  болгарлардың дәстүрлі «Мартеница» мерекесін енгізуге болады. Ал осы мерекелердің барлығы  қыстың аяқталып, көктемнің келгенін білдіріп, адамның өмірі мен денсаулығына жайлы әсер етуде.

Жалпы, елордалық «Злата» болгар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің негізі 2011 жылы қаланған. Ал олар осы аралыққа дейін жыл сайын «Мартеница» мерекесін атап өтіп келеді. Бұл жолы да аталған мерекеге ерекше мән берілді.

Ю.Гуров атындағы №6 мектеп-гиманазиясында өткізілген мерекелік іс-шараға Қазақстандағы Болгария Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Васил Петков зайыбымен бірге келді. Сондай-ақ мәртебелі меймандардың қатарында Павлодар облысындағы «Салавяне» болгар ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Валентина Комарованың бастауымен келген делегация мүшелері және елордалық болгар мәдени орталығының өкілдері болды.

Әртүрлі бояумен көмкерілген залда болгар тілінде жалынды ән шырқалып, мерекеге келген қонақтардың көңілін жадыратты. Олар бұл жерде ұйымдастырылған жәрмеңкеде шеберлердің қолынан шыққан халықтық қолданбалы өнер туындыларымен де танысты. Одан әрі әрбір келген қонақтарға «мартеница» ескерткіші ретінде тілек сөз жазылған денсаулық пен ұзақ өмір сүру белгісін білдіретін (түкті талшықтан жасалған ақ пен қызыл аралас) бояу қалам берілді. Сенім бойынша мартеницаны алғашқы қарлығаш келгенше тағып жүру керек. Сосын баршаға ұзақ өмір мен әлемнің гүлденуін тілеу арқылы онымен ағаштарды бояймыз.

Мерекені ұйымдастырушы «Злата» болгар мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Ольга Андриевская аталып өтіп отырған іс-шараның өзіндік маңызын жан-жақты атап өтіп, былай деді: «Халықтық мерекенің тәрбиелік мәні зор. Жалпы айтқанда, ол барлық адамдардың ой-өрісін кеңейтуге, өз ойын білдіруге, өз-өзін танытуға ықпал жасайды. Бұл халықтық мерекенің біз өмір сүріп отырған кезеңге дейінгі ғасырлық  тамыры өте тереңде жатыр. Ал оның кейбір мағыналық мәндерін санамыздан өшіріп алғанымыз да жасырын емес. Сондықтан осыдан қорытынды шығару үшін салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды жаңа бір қырынан жаңғырту мақсатын көздедік. Біз өзіміздің бай рухани дәстүрімізге қайта оралу арқылы халықтық мерекенің мәнін ұғып отырмыз. Бұл өз кезегінде адамдарды рухани және эстетитикалық тұрғыдан байытып, бағалы қазынаның қайнар көзіне айнала білді»,-деді.

Маңызды басқосу барысында жүргізуші әсем көктемге қатысты аңыздарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды айтып берді. Соның бірі болгар халқында мынандай ғажайып аңыз бар. «Төрт інісі мен бір қарындасы бар Аспарух деген хан өмір сүрген екен. Қарындасының есімі-Калина болыпты. Ал Аспарух қазіргі Болгария аумағындағы көп жерлерді жаулап алған. Осы арқылы ол Болгария державасының негізін қалаған көрінеді. Оның інілері жерді жаулап алу үшін әр тарапқа аттанған. Ал қарындасы қазіргі Ресей аумағында орналасқан болгарлардың атақоныс жерінде қалып қойған. Негізінен алғанда, Аспарухтің өзі жолы болғыш өктем  қолбасшы болған. Бірақ, өзінен алыс кеткен  қарындасына деген мұң жүрегіне маза бермеген.

Бір күні Аспарух ағаш астында отырғанда,  бұтаққа қарлығаш келіп қонып, оған «Неге сен мұңды кейіптесің, мырза?»-деп сұрақ қойған екен. Сонда Аспарух былай деп жауап беріпті: «Маған неге қайғырмасқа? Көптеген жерлерді жаулап алып, әмірші болғаныммен, қарындасыма сыйлық апарып беретін бірде-бір жан таба алмай отырмын». Сол кезде қарлығаш былайша үн қатыпты: «Мен сенің отанынды да, қарындасың Калинаны да білемін. Ал менің ұям сенің әкен Курбаттың үйінде болған еді»,-дейді де, қарлығаш ұшып кетеді.  

Одан әрі қарлығаш үш түн мен күн ұшып, Калинаның иығына келіп қонады. Сөйтеді де Аспарух ағасы жайында айтып береді. Калина қуанып кетіп, ағасына амандығы жөнінде хабар беруге бекінеді. Ол бақшадан ең әдемі гүлдерді жұлып алып, оны ақ пен қызыл жіппен буады да, қарлығашқа байлап жібереді. Үш күн мен түннен кейін қарлығаш ханды тауып алып, қарындасының оған сый ретінде жіберген гүлдерін береді. Ол кезде хан жаңа Болгария мемлекетінің құрылуын мерекелеп жатқан болатын. Қарындасының аман екеніне қуанған хан бүкіл болгар жұртшылығына осы күнді ақ пен қызыл жіппен буылған «матерница» атауымен аталатын гүлдермен мерекелеуге бұйырады».

Наурыз және «Мартеница» мерекесінде хор мүшелері ұлттық ән шырқап, халыққа жақсы көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге ұлттық тағамдар әзірленіп, түрлі ойындарға кезек берілді. Бастысы, мереке барысында концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өткізіліп, болгар мен  қазақтың әндері шырқалып, халықтық билер орындалды. Осы ретте «Злата», «Цветанка» вокальды тобының және «Извор» хореографиялық тобының өзіндік үлес қосқанын атап өткен жөн.

   

 

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.