You are here

«Беларус пасхасы» театрландырылған қойылымы

31.05.2016, 15:13   1625

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Осы жексенбіде, 29 мамыр күні Астанада Свято-Успен кафедралды соборында «Беларусь» мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі христиандардың ең басты мейрамы, Христостың қайта тірілуі – Пасха мерекесінің белорусша театрландырылған қойылымын көрсетті.

Іс-шараға Свято-Успен кафедралды соборының рухани-мәдени орталығы және Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті.

Мерекелік іс-шараға Астаналық және Қазақстандық митрополит Александр, Оренбургтік және Саракташтық митрополит Вениамин, Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Ничкасов және оның жұбайы Ничкасова ханым қатысты.

«Біз бүгін ерекше мейрамға – православ мазхабының ақиқатынан хабар беретін, Христостың қайта тірілуі мейрамына жиналып отырғанымыз көңіліме қуаныш сыйлайды. Христиан әлемі бұл мейрамды бір ай бойы тойлайды. Христиан әлемінде сақталған әдет-ғұрыптар бірегей құндылықтарға ие. Бүгін міне, орыс православ шіркеуінің мәдени орталығында беларус халқының осы мерекені қалай тойлағанын, қазіргі күні қалай тойлайтынын көре аламыз», - деді Анатолий Ничкасов өзінің құттықтау сөзінде.

Астаналық және Қазақстандық митрополит Александр да жиналған қауымды құттықтап сөз сөйледі: «Епархия атынан тіршілік ұранын, Христостың ажалды жеңіп, қайта тірілгенін шаттана жар салуға рұқсат етіңіздер. Христос қайта тірілді! (зал: Шынымен, қайта тірілді!) Бүгін Ағайынды апостолдар әулие Крилл мен әулие Мефодий атындағы рухани-мәдени орталыққа ғажайып асыл дүниені көру үшін бас қосып отырмыз. Біз мейрамдардың төресі, салтанаттардың падишасы Христостың нұрланып қайта тірілуі мейрамын тойлауға жиналдық. Бүгін біз осынау қасиетті мереке беларус жерінде қалай тойланатынын көре аламыз. Бұл жерде тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанның астанасына православиенің ұлы асылы – Құдай Ананың Қазандық ғажайып иконасы келді. Бүкіл Русь Патриархы Кириллдың ақ батасымен икона алғаш рет Ресей жерінен шетке шығып, ұлы қажылық жасаған әулиедей, Қазақстан даласын аралап, осында келіп тұрақтады. Бұл православие шіркеуінің Қазақстанның мерейтойына – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап жасаған сыйы. Мейрам құтты болсын».

Мерекелік іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық миссия басшылары да қатысты. ҚР-дағы АҚШ Елшісі – Джордж Крол, Қазақстандағы Болгария Елшісі – Васил Петков, ҚР-дағы Бельгия Елшісі – Мишель Петерманс, БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі/БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының тұрақты өкілі – Норимаса Шимомура, сондай-ақ Ресей, Литва, Швеция және Оман елшіліктерінің өкілдері қонақтар қатарынан табылды.

Мерекелік кештің концерттік бағдарламасында «Олеся» вокалды-хореографиялық ансамблі және «Беларусь» мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанаты өнер көрсетті. Олар Иса Мәсіхтің қайта тірілуі туралы әндер орындады. Балалар Пасха туралы Інжілде жазылған оқиғадан (...жексенбі күні таңертеңгісін Иса Мәсіхтің оқушылары оны арулап көму үшін үңгірге келгенде, оларға аспаннан періште түсіп, Христостың қайта тірілгенінен хабар береді...) шағын көрініс қойды.

Іс-шара барысында «Кудесница» қолөнер клубы «Діннің өнердегі көрінісі» атты қолданбалы өнер туындыларының көрмесін  ұсынды. Майда моншақпен, жібек, алтын және күміс жіптермен кестеленген иконалар келушілердің таңданысын тудырды. Қонақтарға «Ауыл бәліштері» атты ұлттық тағамдардың дастарханы жайылды, онда бәліштің он алтыдан астам түрі болды.

Іс-шара соңында Анатолий Ничкасов Беларусь Республкасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі атынан «Беларусь» мәдени орталығы» ҚБ төрайымы Александра Романоваға Қазақстанда беларусь мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамытудағы зор үлесі үшін Алғыс хат тапсырды. Ал, Ничкасова ханым балаларға ризашылығын білдіріп, мерекелік тәтті нан мен кәдесыйлар таратты.

   

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56 +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15