Астана жұртшылығы көрнекті сазгер Назиб Жигановты еске алды

Версия для печатиPDF versionEPUB version

2015 жылдың 2 маусымында елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде татар халқының көрнекті сазгері, Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Назиб Гаязович Жигановты еске алу күні болып өтті.

Іс-шараның өз дәрежесінде өткізілуіне «Назиб Жигановтың халықаралық шоқжұлдыздары» жеке қоры, «Идел» татар және татар-башқұрт мәдени-қоғамдық орталықтарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасындағы Татарстан Республикасының Өкілетті өкілдігі мен Қазан федералдық университеті «Каюм Насыри институты» ғылыми-білім беру орталығы үлкен қолдау білдірді.

Айтулы маңызы бар жиынға келгендер белгілі  сазгер Н: Жигановтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейне түсіріліммен, оның шығармашылығына арқау болған опера және балеттер үзінділерімен танысты.

Кездесу барысында «Назиб Жигановтың халықаралық шоқжұлдыздары» қорының басшысы Светлана Тенишева танымал сазгердің талантын бағалап, оны ерекше құрметпен еске алды: «XX ғасырда әлемдік музыка кеңістігінде Назиб Гаязович өзіндік ерекшелігімен биіктен көрінді. Ол шығармашылық қызметінде татар музыкасын жоғары деңгейге көтеріп, түркі халқы мәдениетінің дамуына елеулі үлесін қосты. Осы орайда, қорымыздың басты мақсатын атап өтер болсам, Н.Жигановтың өмір жолын көпшілікке таныстыру және оның шығармашылық мұрасын кейінгі буынға насихаттау. Осы арқылы көпшілік татар халқының мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады және осынау игілікті істер ұлтаралық байланысты нығайтып,  мәдени-ағартушылық үндестікті арттыра түседі. Бұл өз кезегінде талантты жастардың өсіп-жетілуіне жол ашады»,-деді ол.

С. Тенишева сөз орайында белгілі сазгердің мағыналы сөзінен үзінді айтып, өнердің киесіне маңыз беріп өтті: «Халық өнері оқшау дамымауы тиіс. Тек ол өміршең өнер болғанда ғана, өзге халықтың мәдениетімен тығыз қарым-қатынас орнатуға негіз қалайды».

Іс-шараны қорытындылау сәтінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова әлемге танымал сазгер туралы жылы лебізін білдірді: Тек ғажайып музыка ғана адамның жан-дүниесіне әсер етеді, ал оны жасап шығарған Назиб Жигановты жұртшылық ешқашан ұмытпақ емес. Сондай-ақ, отандасымыздың асыл шығармашлық қазынасы әлемдік музыка кеңістігіне  енуімен ерекшеленді. Біз сондықтан оны мақтаныш тұтамыз. Әрі оның шығармашылық мұрасына аса ұқыптылықпен қарау біздің міндетіміз»,-деді ол.

Кеш соңында келушілерге арнайы дастархан жайылып, татар-башқұрттың ұлттық ас мәзірі ұсынылды.

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

тел: +7707-310-53-54

WhatsApp-8-777-310-53-56

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.