Ассамблея ардагерлерді еске алу акциясын бастады

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Бүгін Астананың Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің бауырластар зиратында Қазақстан халқы ассамблеясының «Ұлы дала елінің киелі мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясы басталды.

Киелі мұралар ескерткіштерін сақтау және дәріптеу, қоғамдық маңызы бар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жастардың қатысуын қамтамасыз ететін жалпы мәдени және рухани құндылықтар негізінде қазақстандық бірегейлік пен патриотизмді нығайту аталған акцияның негізгі мақсаты дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шараға ҚХА  Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л. Прокопенко, ҚХА Төрағасының орынбасары И. Салжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері С. Абдрахманов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Аманшаев, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ, «Жас Отан» ЖҚ жастары, БАҚ және т.б. қатысты.

 

 

Акция барысында қайтыс болған Ұлы Отан соғысы жауынгерлері жерленген жерге орнатылған ескерткіштерге гүл қою рәсімі өтті. Рәсім аяқталған соң, ҚХА мүшесі Ш. Пулатов аталар аруағына бағыттап құран сүрелерін оқыды.

ҚХА кезекті 26-сессиясында ассамблея төрағасының орынбасары болып сайланған Исламбек Салжанов өз ойымен бөлісті.

«Бүгін Бауырластар зиратында Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшелерімен ұйымдастырылған шара болып жатыр. Бұл іс-шара – біріншіден, көзі тірі ардагерлер, біздің заманға дейін жеткен майданлерге біздің құрметіміз, екіншіден,  осы дүниеден өткен құрметті жандарға білдірген тағзымымыз.  Өздеріңіз жақсы білесіздер, ардагерлер, батырларымыз бізге бірліктің, батырлықтың, қаһармандықтың үлкен үлгісін көрсетті. Соның арқасында құазіргі таңда бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ынтымағы жарасқан берекелі бүгінгі күнімізде әрдайым бірлік-келісім керегін, ары қарай насихаттай беруімізді жалғастыруды ұмытпауымыз қажет. Мен барша қазақтарға келе жатқан Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекесі құтты болсын деп шын жүректен тілек білдіремін», — деді И. Салжанов.

 

 

Айта кететін жайт, «Ұлы дала елінің киелі мұралары» акциясы бүкіл ел бойынша облыс орталықтарында, аудандар мен ауылдарда бір мезгілде басталып, үш кезеңмен өткізіледі. 5-9 мамыр аралығын қамтитын бірінші кезеңі «Қамқор акциясы» деп аталып, мұның аясында этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының өкілдерін ҰОС ардагерлеріне әлеуметтік және өзге де көмек көрсетіп, ҰОС тақырыбына арналған ескерткіштер мен монументтерге күтім жасайтын еріктілер топтарын ұйымдастыру көзделген.

Акцияның екінші «Тағзым атты кезеңі 2018 жылғы 28-31мамыр аралығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ал «Ұлы дала елінің киелі мұраларына» жататын жерлер бойынша өңірлік экспедициялар мен экологиялық сенбіліктер ұйымдастыружды мақсат тұтқан үшінші кезең 14 маусым басталады деп күтілуде.  

 

 

Дата события Ассамблеи: 
Сенбі, 5 Мамыр, 2018

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.